Жаңалықтар

Қазақ әншісі «Славян базары» байқауының  бас жүлдесін жеңіп алды

Беларусь елінің Витебск қаласында өткен «Славян базары» байқауының гран-при жүлдесін қазақстандық әнші Рухия Байдүкен жеңіп алды.

Әншіге байқаудың қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко жүлдені табыстады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жас әнші Рухия Байдүкенді жеңісімен құттықтады.

– Әлемнің көптеген елінің кіл мықты таланттары қатысқан осынау айтулы байқауда көрсеткен өнеріңіз – Сіздің кәсіби даралығыңыздың, табиғи дарыныңыз бен әртістік шеберлігіңіздің айқын дәлелі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында.

Мемлекет басшысы Рухия Байдүкенованың табысты өнер көрсетуі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында барша қазақстандықтарға жасаған тамаша тарту болды деп санайды.

«Қазақпарат» сайтының мәліметінше, Рухия Байдүкен 1998 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Ол Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Эстрада және вокал» мамандығында оқиды. Оның дауысы төрт жарым октаваға жетеді.

— Мен өнерге бала кезімнен құштармын, отбасымда Байдүкен атам өнерге жақын болды.

4-сыныптан бастап Талдықорған қаласындағы өнер мектебінде вокал сыныбында білім алдым, — дейді жас әнші.

«Славян базары» байқауы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. 2015 жылы Димаш Құдайберген, ал 2019 жылы  Әділхан Макин Қазақстан атынан қатысып, бас жүлде иеленген еді. Айта кету керек қазылар алқасы құрамында жерлесіміз Димаш Құдайберген болды.

 А.РАСУЛ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button